Автор туралы Өлеңдер Жинақтар Әндер Зерттеулер Галерея Қонақ кітабы
← Барлық өлеңдер
semserdin-juzine-osken-gul

Ана

Ана

Сол мезетте...
Сен де кеттің, мен де өлдім,
Тең жартысын жерге көмдім денемнің.
Содан бері сең соққандай сандалып,
Жарты жанмен өмір сүріп келемін.
АНА–БАЛА махаббатын көрдегі,
Қайдан сезсін
көкірексіз көз мұны?
Жерге түскен жарты жаңқам шымырлап,
Алас ұрып
мені іздейді кей күні.
Алас ұрып құшағында даланың
Күнін күйттеп, қамын жейді баланың.
Көрде жатып
сені ойлайды
О, тоба...
Құдіреті-ай,
Махаббаты-ай
АНАНЫҢ.
Құрсақ-ғұмыр қаннан сүтке алмасып,
Пәни –Бақи
бір үйлесім таңдасып.
АНА–БАЛА...
Кіндігімен дамылдап
Жатады екен
екі дүние жалғасып.


***

Жасқа шылап
не марқайтып мың көзді,
Бабам тартқан
бағытты ұстап бір кезгі.
Аяқ асты аспан жаққа аттансам,
Айта алмаспын
бұл сөзді.

«Есіл ер-ай қандай еді өлеңде
Бүйте алмадық,
сүйте алмадық» дегенде...
Жаны таза
жан аңғарар сол мезет
БАРМАҚ ШЫҒЫП ТҰРҒАНДЫҒЫН ТӨБЕДЕ

...сұқ саусақтың ортасынан кезеліп.


























***
Жел көтерген
жапырақтың сыбдырын,
Ай шайқаған
айдың көлдің тұнығын.
Қос сезімге
қосарладым бір сурет
Шыққа малып...
Шегірткенің шырылын

***

Құрсақ – жұмақ,
Құрлық – тозақ,
Балалық қой жақының.
Сезер едің сол екеуін
Кірген кезде ақылың.


***
Өңім де, түсім де
Құдайлық ұмсынып пішінге.
Қауызын жарады бір ойым
Қағаздың ішінде.


***
Жер мен аспан бірігеді бір күнде
Болған солай ілкіде.
Қауышады ғашықтардай дүние
Сыңғыр демдеп күлкіге.
Жұмыр дүние жанұшырып жатқанда
Күмбезінен рахым нұрын асырып
...АЙ МЕН КІРЕС ҚОСЫЛУЫ МҮМКІН БЕ?!












***
Тұрғандай қиямет туып...
Япырай,
шаңқобыз үні недеген суық
...мың жыл
талықсып жеткен жұлдыздың
жарығын әкеп
Жібергендей болады
төбеңе құйып.


***

Мен өлең жазған кезде...
Ақ қағаздың гүл қаулайды бетіне.
Көбелектер пырлайды оның өтінде.

Мен өлең жазған кезде...
Жеті жұмақты көрем.
Жалбыз бүркіп тұрады бүкіл денем.

Мен өлең жазған кезде...
Бойым бұлттан да өтеді
Күмп берсем ішіне... көк аспан өртеніп кетеді.

Бетіме кім келіп
Дәтіме кім шыдар бұл маңда
Алладан «аят» ап тұрғанда...