Автор туралы Өлеңдер Жинақтар Әндер Зерттеулер Галерея Қонақ кітабы
← Барлық өлеңдер
semserdin-juzine-osken-gul

Иммунитет

Иммунитет
(Ұмтыл Зарыққанға)

Мен адастым,
Қалжырадым білемін,
Қарт құрлықты
Қағба ғып сорыма.
Мың ғазалым татымады ол рас,
Қара өлеңнің жалғыз тармақ жолына.

Кірлеген ой,
Буланған сөз дерт болып,
Шел боп өсті көзіме.
Сол «көзқарас» кейде арқанға айналып
Қол да қатты өзіме.

Тегім де жоқ, сөлім де жоқ бұл сөзде
Көрдемше ойдың көбі содан елес қой.
Сайтаншалыс, сандырақтау жоқты айтып
Мендік болмыс емес қой.

Әлем ортақ...
Зердем қайда түркілік
Егей ерге мұның жөні бөлек-ті.
Мен әлемді тұндырамын ішіме
Ал, неге оған жұтылуым керек-ті?!

Қыңыр көріп қазақы ойды өмірге
Қолдан келсе менсінбедік, қорладық.
Содан болып көгерді ме көсеге,
Көрдіңіз бе ойланып?!

Сөзден кеттім...
Бұздым сөйтіп болмысты
Енді бұдан «тағдыр» жасау тек болар.
Мың «данышпан» жат болмысқа тұншығып,
О дүниеге неге асығып кетті олар?!

... неге?!