«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...»
«Мен құлымды сүйсем, оның бейне бір
сөйлейтін тілі, ойлайтын жүрегі, еститін
құлағы, көретін көзі, ұстайтын қолы,
жүретін аяғы боламын....»
(Пайғамбар хадисінен)
Ел санасына шор болып бекіп қалған түсініктерді төңкеруден қиын ештеңе жоқ. Өзгеше ойласаң болғаны артыңа ит абалатып айтақ қосу, лап беріп күстаналай жөнелу тобырдың бұлжымас қағидасы ғой. Мына бір жәйтті етене түсінген жөн. Қиянат жасау мен қателесудің парқы екі бөлек. Білгеніңді жасыру, оны оқырманмен бөлісуге сараңдық жасау дегеніңіз – қиянаттың ең үлкені. Ал адамның бір ғұмырында сүрінуге (дұрысы, қателесуіне) одан сабақ алуына толыққанды қақысы бар. «Сүрінбей жер танымайсың» қағидасымен қарар болсақ, қателіктен қорқудың ешқандай да қажеті жоқ (Сол үшін де белімізді бекем буып осы мақаланы жазбаққа талаптанып отырмыз). Дүниеде адамның автономды ойлауынан артық нендей құндылық бар. Біз лайым осы жолды таңдадық. Айқайы көп, азабы ауыр, мехнаты мол болса да осы бір жолға бәйге жараттық. Ендеше сапарымызға сәттілік тілеңіз, құрметті оқырман қауым.
Әңгіме әлхиссасы
I
Ана жолы үстел басында бір топ жігіт «Абай жолындағы» Қодар мен Қамқа өліміне қатысты біршама сөзге келіп қалдық. Сондағы Құнанбай қолданған жазаны көбісі надандық пен ескілік қалдығы деп санайды екен.
– Адамның ерік-қалауы деген болады, ол бүгінгі ата заңымыздың ақ
парағына қара сиямен әдіптеліп тұрып жазылған, – деді алғаш сөз алған жігітіміз. – Сонда қайын атасы мен келіні... – дедім де кілт тоқтай қалдым, арғы жағын айтуға ауызым дауаламай. – Жоқ, – деді ол жұлып алғандай, – Бәрібір де адамның ішкі қалауына ешкімнің де араласуына жол берілмеуі керек. Сол кезде сөзге екінші опономентім араласты.
–Немене, адамды міндетті түрде өлтіру керек пе? Мұнан кейін бұлай еш жасамаңдар деп жазаламай-ақ та жібере салуға болады ғой, – деді үлкен данышпандық ой тастап. – Пәлі, – дедім мен, – бұл жазаны Құнанбай ауадан алып отырған жоқ қой әрісі Қасым, берісі Есім хан мен әз Тәукеге дейін жалғасып келе жатқан дала заңы емес пе? Некелі жарының басынан аттап бөгдемен көңіл жарастырған кез келген кісінің мұндай қылығына тек өлім жазасы берілген. Рас, Құнанбайдың бұлай істеуіне (оларды босата салуына) ақылы жетпей отырған жоқ қой, – дедім, дауды одан әрмен ушықтырғым келмей.
II
Бұл арада әсіре «гуманист» болып алған әлгі жігіттердің жетесі жетпей отырған мәселесі мынау: Қос қарының (дәлірек айтсақ зинақордың) БҰЛ ҚЫЛҒАН ӘРЕКЕТТЕРІНІҢ МОРАЛЬДЫҚ ҚҰНЫНЫҢ ӨЛІМГЕ ПАР ЕКЕНДІГІ. Мұны бүгінде жеңіл жүріске бой алдырған кез келген пенде баласы осы қалыпта қабылдауы тиіс (Мейлі ол XVIII, я XXI ғасыр болсын, адам ар-ұятының құны заманаға қатысты әмәнда өзгермек емес). Зина – адамның ар мәселесі, ал ардың материялдық құны деген атымен болмақ емес. Оқиғадан түйетін оймақтай ғана ой жосынымыз мынау: Зинақорлық күнәсінің құнын төлеуге дөңгелек дүниенің еш байлығы жетпейтінін, бұл күнәдән тазарудың жалғыз-ақ жолы өз шыбын жаныңды құрбан ету екендігін рухани тұрғыдан түсінуің (Қазақтың «өлімнен ұят күшті» танымы осы ойымызға аналогия бола алады деген үміттеміз). Әгәрәки дейік, кешегі Қасымдар тұсындағы осы бір мизамды (заңды) бүгінгі қазаққа қайыра бір қолданса не болар еді?!
Сөзсіз, санымыз күрт құлдырап, Қазақияда демографиялық трагедия басталады. Мына жер кемпір-шалдар мен жас балалардың ғана мекеніне айналып, қаңырап бос қалар еді. Сөйте тұра біз ар мен ұят хақында ақыл соққанда алдымызға жан салмаймыз.
Сірә, ауыздың дуасы, (осы) сөз бен істің сәйкес келмегендігінен де кететін болса керек...
III
Жүсіп-Баласағұның «Қыз-келіншектің ләззаты – некелескен түндері, Ер жігіттің ләззаты – жау қайырған күндері» деген өлең жолдарын оқып отырып пұшайман халге түстім.
Сосын, біздің ләззатіміз шынымен-ақ ауысып кеткен екен ғой деген ойға бекідім. Аңдаған адамға ЕР АЗАМАТ ӨЗІНІҢ ЕҢ ҰЛЫ ЛӘЗЗАТІН ЕЛІНІҢ ҚАМЫН КҮЙТТЕУДЕН АЛАДЫ ЕКЕН ҒОЙ. Сірә (азамат үшін), ұлы ерлік пен ұлы ләззат та осы болса керек. Осыны ойлағанда еріксіз жанарға жас келеді. Кешегі қаһарлы хан Кене мен Алаш арыстарының бейнесі көз алдыңа тізбектеліп тұра қалады.
ЕЛ мен ЕРДІҢ есімі бір десек, біздің осы романтик болуымыздың сыры не?! Өтірікке мелдектеген қазақ социмуының сиқы болса мынау.
Бір таңданарлығы, саяси корпус ел мүддесіне қарсы үсті-үстіне қабағат қателіктер жасап жатса да, біздің зиялыларымызға оның бес тиын да керегі жоқ. Оларға Шыңғысханның түркі, я болмаса қазақ болғандығы қызық. Ал ақындарымыз қарасаңыз бір айықпас «ғашықтық» дертіне шалдыққандай. Таңертең ғана бір ғазалын ине-жіптен шығарса, кеш қарая тағы біреуін тәмамдап, «осы бір қыздың қылығы-ай» деп өліп отырғаны (Ата сақалы ауызына біткендеріміздің арзан сентиментализм мен желдеген жігіт шақтың уақыт белдеуінде қалып қойғандығы өз алдына жеке жүк).
«Татарды тырнасаң орыс шығады» демекші, осылардың «махаббат лирикасы» деп жазып жүргендеріне шын назар қойсаңыз, тек көтен буффонадасы. Дәлірек айтар болсақ, «әтпіштің» әңгімесі ғана. Құмарлық құрсауына түсіп, төңкеріліп қалған тұтас түсінігімізді қайыра тіктеп, МАХАББАТТЫҢ асқақ ұғым екендігін, ол Алла мен адам арасындағы екеуара рухани сұхбат екендігін сау санаға орнықтыру бірқадар жүк болғалы тұр.
Тасаввуф
(жүрек ілімі)
Ең күрделі есептің шешімі амалсыз шықпайтыны секілді, данышпандар дәргейіндегі мәнді түсіну үшін олар сүйенген заңдылықтарды етене тануымыз керек. Көбіне кемеңер ойының тұмса құпиясына қолбайлау болып кедергі келтіретін де осы. Данышпандар ойының жан сыбдыры мен сезім ағысының негізі заңдылықтарын түсінбейінше, бұлардың шешіліп сөйлей қоюы екіталай. Олардың уақыт тозаңына көміліп көбіне кітәби пішінде қалып қоятыны да содан екен (Егер де бұл жандардың рухани ілімі қағаздан құтылып, қанымызда өмір сүргенде адамзаттың қазіргі халі бұдан гөрі басқалай болатын еді). Біздің Иассауиден бастап Шәкәрімге дейінгі жақсыларымыздың кеудесінде шайқалған кемел ғылымды «алтын қазына» десек, осы ғажайып қазынаның кілті сөз жоқ тасаввуф ілімінде жатыр. Тасаввуф – жүрек ілімі. Алла мен адам арасын байланыстырған рухани көпір іспетті. Жоғарыдағы алыптар көшіне арқау болған осы ардақтыларымыздың еңбегін түгелдей дерлік оқығанымызбен, кей ұғымдарына келгенде ақыл шіркіннің айрандай ащып қалатыны бар. Мұның бәрі текстің түпкі тініндегі ойлардың нендей заңдылықтарға сүйене айтылып тұрғандығынан бейхабар болғандығымызда болса керек. Тасаввуф осы бір күрделі ойлардың түйінін тарқатар тәсіл дерсіз. Мұны терең пайымдағанда ғана, текстегі ғұламалар ойының әр тартқан тынысы мен шығарған демін еркін бағамдауға болады (Айталық, Достоевский мен Ницшенің кей еңбектерінде адами ырықтан шығып, шалықтап кетуінің астарында да осы бір мәселе (хәл) жатыр). Дұрыс түсініңіз, «Тәуиліне жетерлік ғылымың шақ» (Абай) мұндай метафизикалық ракрускқа жүрек ілімін қоспасаңыз, бәрі де бекершілік болады) Мұның бірін де мойындамай жоғарыда есімдері аталған алыптар шоғырымен емен-жарқын сұхбаттасамын деу тасқа тары еккенмен бірдей құр әурешілік қана.
Ләдүнни
Тасаввуфтан таған тартқан жүректің тағы бір танымдық биігі –ЛӘДҮННИ ілім. ОБАЛ мен САУАПТЫҢ, ЗАУАЛ мен ҚАРҒЫСТЫҢ хакім айтатын «Сен асықты екен деп Алла әмірін өзгертпес» құпиясы осы бір ілім дәргейінде тәпсірленетін шығар. Түрік ғұламасы Осман Нұри Топбаш: «Ләдүнни ілімі – адамзатқа тән өлшемдермен еш меңгерілмейтін болғандықтан, көп адамдар мәнін түсіне бермейтін беймәлім бір хикмет арнасы» деп анықтама беріпті. Бір қызығы, ақыл мен қайраттың аумағынан тыс мұндай феноменді ғылымда иррационалдық (құдайлық) кеңістік деп те атайды. «Ғылыми-рационал ой мен сана, әдіс барлық нәрсенің сырын ашуға ұмтылады. Бұл да Алла-Тағаланың пендесіне берген басты ырыздығы. Ол да баянды емес, оның да шегі бар. Бұл енді иррационалдық аймағы болмақ. Иррационалдық дегеніміз – білім, ғылым өресі жете қоймаған, санадан тысқары, логикалық түсінікпен пайымдауға келе қоймайтын нәрселер» деп жазған еді кезінде жасындай жарқ еткен ғұлама Серікбол Қондыбай.
Бұл қос тақырып (тасаввуф пен ләдүнни) діңіне арнайы ат байлап, ақпар беріп отыруымыздың себебі, алдағы талданбақ дүниеміз үшін оқырман қауымның осы бір жайлардан хабары болуы керек деген мақсатпен әдейі жазып отырмыз.
Мұны жүрек ілімінің онтологиялық мәнін зерделеуде әлеуметтің құлақ күйіне алдын ала адаптация жасау десек те болатындай .
Әйтпегенде, әңгімеміздің ешқандай да тұздығы болмайтынын бірден ескерте кетейік.
Халлаж Мансұр хикаясы
Қожа Ахмет Иассауи өз хикметтерінің бірінде:
«Махаббат жолында ғашық болып Мансұр өтті,
Белін байлап Хақтың ісін мекем тұтты.
Жәбірлеу, қорлауды да көп есітті,
Ей, мұсылман, мен де Мансұр болдым, міне...»
Әлхиссасы осылай басталып кететін ұзын-сонар жырға кейіпкер болған, жоғарыдағы Мансұр есімі кім болды екен?
Парсы топырағында дүниеге келген, шамаман (858-922) жылдар аралығында ғұмыр кешіп, артына «Китаб ат-тавасин» деген еңбек қалдырған ақын Халлаж Мансұрды Ахмет Иассауи өзіне рухани ұстаз тұтқан. Жоғарыдағы тасаввуф (жүрек ілімінің) биігінен жұпарланған пірадар, бірде рухани мастық (дұрысы хәл) үстінде отырып әнә-л-Хақ (Мен Хақпын) деп айналасына бірнеше мәрте айқай салған деседі. Осы бір сөзі үшін оған өз дәуірінің соты мен қожа-моллалары ақылдаса келіп өлім жазасына кескен. Ескі деректердегі естеліктерге қарағанда Халлаж Мансұрдың дар алдындағы ақырғы сөзі мынадай болған екен.
«Ей, Аллам! Құлдарың менің саған деген шексіз сүйіспеншілігім үшін жазым етпекке осында жиналды. Оларды шын рахымыңмен кеше гөр. Егер де сен маған берген сырларды (хикметті) оларға да нәсіп еткеніңде сөзсіз мен туралы бұлай ойламайтын еді».
Рас, бұл көріністі әркім (сол дәуірде) өз деңгейінде бағамдағаны анық (Осы бір оқиға тобырға тек шындықты түсіндіремін деп ғазиз бастары ажал құшқан Галилей мен Бруно әм Жанна д,Арк іспетті адамзат ақылмандарының тағдырын да еске салады екен). Құр көзбен ғана қалған қожа-молдалардың Халлажға қылған әрекеттері жоғарыдағыдай болса, көкірек көзімен пайымдағандардың көзқарасы бұған мүлде керағар болған. Сондай пікір айтушының бірі – әйгілі ғұлама ғалым Имам Ғаззали. Ғазали айтады: «Егер бір тостақ ыдысқа кез келген реңдегі сусын құйсаң, шыныдан тостақтың бейнесі емес, сусынның реңі көрінеді. Міне, осы сияқты жүрегіндегі Алланың көрінісін көрген адам өзін емес, тек Жаратушысын ғана көрді. Сондықтан Халлаж Мансурдың өзін «әнә-л-Хақ» деп жар салуы осындай (хәлден) еді» дейді. Аллаға деген асқақ сезімді бұдан артық қалайша (тәтпіштеп) түсіндіруге болады. Ашығын айтайық, Абайдың кей өлеңдерінде Аллаға деген осындай метафизикалық кеңістік пен биік меже бар. Мұны бір сөзбен ғана «Халлаждық хәл» деп атасақ та болады.
«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл...»
I
Әйгілі неміс философы Фридрих Ницще өзінің «Заратуштра солай деді» еңбегінде Заратуштраның ауызымен БІРЕГЕЙ (Абайша толық) адамның болмысы жайында айтады. Адамзатты тек БІРЕГЕЙ болуға шақырып, оған көтеріле алмағандарды тобырдың санатына жатқызаған Ницще: «Бірегей адам дегеніміз – теңіз, оның ішінде сенің менсінбеушілігің мен надандығың тұншығады. Адам үшін маймыл дегеніміз не? Бір түрлі күлкілі емес пе? Тобыр да (БІРЕГЕЙ адам үшін) дәл сондай бейшара мазақ қана» дейді. Кемеңгердің кейісі мен қатаң талабына еш келіспеске болмайды. Расында, Алла Тағаланың адамзатты өз кемел үлгісінде халифат (орынбасар) етіп тағайындап, оған өз рухының тарапынан дем үрлеп жаратқандағы деңгейі осы болғаны ма?
II
Адам өз бойындағы игіліктерді толығымен сарп етіп, БІРЕГЕЙЛІК биігіне көтерілгенде ғана Алла мен адам арасында еркін тілдесе алатын сұхбат орнайды екен (Мақала басында эпиграфқа алынған пайғамбар хадисі де осыны меңзейді). Сонда қалай, Алла мен адам сөйлесе ала ма? Әрине, басқалай өлшемде дейміз.
«...АЛЛАНЫҢ СӨЗІ – ҚАРІПСІЗ, ДАУЫССЫЗ. Алла Тағаланың көрмегі, естімегі, біз секілді көзбенен, құлақпен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты» дейді хакім өзінің отыз сегізінші ғақлиясында. Міне көрдіңіз бе, Абайдың «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» өлеңінің кілті де осы жерде жатыр. Бір шындықтың шетін сөгейік. АҚЫННЫҢ ҚЫРЫҚ БЕС ҚАРА СӨЗІ (оның) КЕЙ ӨЛЕҢДЕРІНІҢ ТӘПСІРІ ЕКЕНДІГІН КӨБІМІЗ АҢҒАРА БЕРМЕЙМІЗ.
«Ғашықтың тілі – тілсіз тіл
Көзбен көр де ішпен біл.
Сүйісер жастар қате етпес,
Мейлің илан, мейлің күл...»
«Алланың сөзі – қаріпсіз, дауыссыз» болса, бұл енді «тілсіз тіл» болмаған да не болды сонда. «Ақиқат бас көзімен емес, жүрек көзімен көрінеді» деген Шәкәрім пікіріне тоқайлассақ, Алланың хикметін «көрмек» пен «білмекке» көкірек көзі керек қой. Хакімнің бұл жердегі қолданып отырған «көзі» осы. Ал, екі жас арасындағы өзара сүйіспеншіліктен ҒАШЫҚТЫҚ ұғымының парқы мүлде бөлек екендігін ашалап көрсеткен ақын, бұған илану мен иланбауды әркімнің өз құзіретіне қалдырады. Әгәрәки, бұл шумақты гносеологиялық (танымдық) тұрғыда емес, тікелей ғана түсінетін болсақ, өлең мазмұны: «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл. Жастардың екеуара сүйіспеншілігіндегі мұндай құпияға мейлі сен, мейлі сенбей-ақ қой» болып шығады емес пе? Ал Абайдың бұлайша арзан сөйлемесі айдан анық қой.
Ол тілге едік оңтайлы
Қаріпсіз біліп сондайды.
Біліп-ақ, ұғып қоюшы ек,
Енді ішіме қонбайды»
Бұл жердегі ҒАШЫҚТЫҚ дәргейінің «сүйіспеншілік лирикасына» титтей де қатысы жоқтығын қайыра айтқымыз келеді.
ҒАШЫҚТЫҚ ХӘЛ – жел шайқаған қауырсындай тым ойнамалы нәрсе (Тасаввуфтік танымы бар адамға бұл ойымыз бірден түсінікті болар деген ниеттеміз). Кемел адамның Аллаға деген қатынасында ешқандай есептік (саудагерлік) мазмұн жоқ. Оның бар ойы мен аңсары тек өзін-өзі күзетумен болады. Жаратқанмен дидарласу өлшеміне өтудің хакім айтатын «Алла Тағаланың көрмегі, естімегі, біз секілді көзбенен, құлақпен емес, көргендей, естігендей білетұғын ғылымның бір сипаты» осы болса керек-ті. Бабатанымның: «Өз мінін білген ӘУЛИЕ» (Алланың досы) деп отыруы да осы бір деңгейдің танымдық түсіндірмесі тәрізді. Ендеше екінші шумақ – Абай көңіл күйінің осындай бір әлемтапырық суреті. ЖАРАТҚАННЫҢ ҚАРІПСІЗ ХИКМЕТІН бірден түсінетін дәргейіне жүрегін шабақтаған рухани хәлі. Бірер сәт биік деңгейден табылмаған танымына шын налыған назы іспетті. Ақынның ақырласар сәтіндегі «Енді ішіме қонбайды» хәлі осы ойының ішкі хабары ғой. ҒАШЫҚТЫҚ ТІЛ – тылсымдық таным дедік. Материалдық сана көкжиегімен мұндай қазына қабаттарынан бәһра алу дегеніңіз тек өтірік ғана. ҒАШЫҚТЫҚ ТІЛГЕ жету БІРЕГЕЙЛІК биігіне көтерілгендердің ғана маңдайына жазылатын бақыт десек, ақынның екі-ақ ауыз ғазалынан біз осы танымның дерек іздерін анық аңғарып отырмыз. Абай өлеңі логикалық есеп тәрізді. Ақынның осы бір қос шумақ өлеңінің ең күрделі есептен ешқандай бір айырмашылығы жоқ. Жұмбақтың жауабын біз сол (есеп авторының) «ЖҮРЕГІМНІҢ ТҮБІНЕ ТЕРЕҢ БОЙЛА» теоремасының ішінен таптық. Осымен сөз тізгінін тартамыз. Ойымызға қатысты түзету жасайтындар талаптанып жатса тек ғана мархаббат дейміз.
P.S «Китаб тасдих» (отыз сегізінші қара сөз) – Абай қазынасының алтын қақпасы. Бұл ғақлия оқырманға толық талданып, әлі сөйлеген жоқ. Біз жіпселеп отырған ойымыздың негізгі жүлгесін де осы жерден ұшыраттық. Осы трактат толыққанды талданған күн, алтын қақпа айқара ашылып, түмен жылдарға тақырып болар қазына самбырлап сөйлей жөнелетін болады...
Ертегі мен миф
I
Аңыз бен әпсана, ертегі мен миф жайында әңгіме өрбіткенде Серікбол Қондыбай хақында бір ауыз сөз айтпасақ ұждан алдында сын болады ғой. Замананың өзі бәйге. Бір адамның дақпыртымен өнер қуатының қарымы не бары ондаған жылдарға ғана жетсе, базбірінікі ғасырларға, ал ең бірегей тұлғаның есімі мыңжылдықтар аламанының алдында болады. Егер де осы бір бәйге өлшемінің тезімен қарайтын болсақ, Абай мен Ницше, Шоқан мен Серікбол тұғырлас тұлғалар дер едік (Бұлар бір кеңістік белдеуінде бірімен-бірі емен жарқын сұхбаттаса алатын данышпандар ғой). Серікболдың ең басты ерекшелігі Әл-Фараби (бабасы) секілді әмбебаптығы мен көп пәннің контексінде еркін қозғалып, сүбелі ой қорыта алатындығы (Ғалымның география мен филология, архитектура мен мәдениеттану, теология мен тарих, философия мен агиография іспетті сан алуан пәндер саласындағы ізденісі осы сөзіміздің айғағы). Құдайшылығын айтайық, қазақ әлеуметі үшін Серікбол Қондыбай танымының ауызында үлкен қара «құлып» тұр. «Еңбегін оқып едік ештеңесін түсіне алмадық» деген көзқарастар осы «құлыптың» еш қозғалмастан тат басып тұрғандығын көрсететін анық фактор ғой.
II
Адамзат баласы кім? Оның рухани танымы қандай бастаулардан қайнар тартады? Жаңаның өзі ескінің қайыра жаңғырған бастапқы нұсқасы емес пе екен!? Түптеп келгенде исі адамзат баласының бір нүктеден таралып түпсана қазығына арқандалып туатыны анық болғаны ғой.
«Адамзат баласы өзінің туғанынан өлгеніне дейінгі аралықта ата-бабасының жақсы я жаман іс-әрекеттерін ұдайы қайталаумен болады. Бірақ, не үшін олай істеліп жатқандығынан мүлде бейхабар. Қоғамның қазіргі орын алып отырған қиындықтары мен тауқыметтерін оңтайлы шешу үшін бастапқы уақытқа қайыра оралуға тура келеді» дейді Серікбол. Бір таңданарлығы өзінің «Шаттану ілімі» еңбегінде немістің ұлы философы Фридрих Ницше де осы ойды дәлме-дәл қуаттап: «Сенің бүгінге дейінгі бастан кешіргенің шексіз қайталана береді. Барлық басып өткен жолың өзіңе айнымастан қайта оралады» десе, У.Фолкнер «Өткенің ешқайда кетпейді, өткенің де, кеткенің де сенімен бірге, сенің мәңгі бүгінің» дейді. Бұл жердегі адамзат баласына қайта орала беретін әрекеттің әлмисақтан бергі ақпарат қоры екендігі шүбәсіз. Біз бұл ой шүңетінен миф пен ертегінің көне ақпарат көзі екендігін, ол ілкідегі исі адамзат баласының түпсаналық танымы болғандығын анық аңғарып отырмыз.
Ендеше көне ақпаратқа реконструкция жасау дегеніміз – өз-өзіңді етене танумен төл болмысыңмен қайыра қауышудың рухани платформасы. Мұның (яғни мифтің) атауына қарап біздерге өткен өмірдің не қажеті бар десек қатты қателесеміз (Біздің кім екендіміз, қандай әулеттен шыққанымыз секілді, тұтынған ақпарымыз бен сенген құндылықтарымыз да дәл осындай тектік сапамызды көрсетеді). Ендеше, ескіні пайымдар парасат баспалдағына көтерілмей жаңаны игеру дегеніңіз тіптен бос сөз (Қазір қандай да бір мәдени я саяси құбылысқа баға бере алмай, басымыздың қатып отырғаны да осы бір ой мешелдігінен болып отыр. Қоғамда бой көтерген небір әлеуметтік сұрақтардың нәр алатын өз тамыры бар. Соны тап басып танығанда ғана оның ем-домын жасап, сауықтырып алуға болады). Қайыра айтайық, ескі мен жаңа әке мен баланың ой-арманы секілді. Әгәрәки үйлесім (гармония) болмаса тас-талқаны шығады. Бір қызығы, баланың да қартайып әкеге (дұрысы ескіге) айналатынын, ол да кезегі келгенде, уақыт ырғағымен мифтік мәліметке ұласып кететіндігін еш ұмытпағанымыз жөн. Осы бір ой жосынымызды Қондыбай матрицасына салып бағамдар болсақ, ертегі мен миф дегеніміз еріккеннің ермегі емес, уақыт тозаңына көмілген адамзаттың ықылым кезеңдеріндегі танымы екен. Серікбол Қондыбай осы аталған танымға басқаша қарау парадигмасын ұсынып отыр. Міне, мәселенің үлкені де осы...
III
Тарихтан тәбәрікке тек сөз ғана аман жетеді екен. Таудың да таусылып топыраққа айналып кеткен кезеңдері болған. Осыдан 30-40 мыңжылдықтар бұрын әлемнің біртұтас болғандығын біз, қадым замандардан хабар береген қазақ мақал-мәтелдерінен аңғарып отырмыз. «Піл ауыр ма зіл (момонт) ауыр ма», «Бұланнан үлкен аң болмас, Бұланайдан (Гималайдан) биік тау болмас», «Жандыда балық (кит), жансызда қамыс үлкен». Осы тақылеттес сөздердің бәрі талықсып жеткен тарих жәдігері. Өкініштісі сол, Тұранның кердаласын кезген әпсана аңыздарын отарлық өлшем қып-қызыл қиялға айналдырды. Кесапаты сол, орыстан өзгесін ұлт санатына қоспаған келте тарих кембағал сана иелерін даярлады. Не нәрсені болсын тура қабылдап түсінетін осы «оқымыстыларымыз» мүгедек милары қорыта алмаған сом дүниелеріміздің барлығын «қиял-ғажайып ертегілер» тізіміне жатқыза беріпті. Олардың адамзаттың бүгінге дейін талықсып жеткен қазынасын бала-шағаның ғана маңайына матап, ертек атаулыға тек сәбиді тыныштандыратын құрал есебінде қарауы қандай өзек өртер өкініш болған десеңізші. Әсілі, ертегі дегеніміз өте ерте (ықылым) кезеңдердегі оқиғалардың өмір жылнамасы мен дерегі емес пе еді!? Айталық, академик Қаныш Сәтбаев ілкіде Жезқазған жерінен миллиондаған тонна мыстың Мысырлық перғауындарға жол тартқандығы жайында жазады. Мұны кен-металлургия зерттеу саласының білгірі, орыс академигі Х. Болль да растаған болатын. Осы орайда мына бір деректің шетін шығарайық. Қазақтың қарапайым ғана «Ертөстік» ертегісі осы бір оқиғаның жылнамалық шежіресі болуы бек мүмкін. Мәселен, қытай ғалымы Сыма Цянь Ертөстік ертегісіндегі оқиғаларды көне дәуірдегі ғұн тарихымен байланыстырады. Ертегідегі Мыстан (немесе жалмауыз кемпір) оқиғаның ең басты қозғаушы әрі ширатушы кейіпкері. «Қазақтың мифологиялық ертегілерінде қаһарманды Мыстан-кемпірдің жұтып алып, бұрынғыдан әлде қайда күшті етіп шығарады. Мыстан-кемпір, этнограф Е.Көкеевтің айтуынша, металлургиямен тығыз байланысты персонаж» деп жазады Т.Әсемқұлов. Мұндағы кейіпкерлер есімінің кен өнеркәсібімен етене байланысты екендігін Ғұзыхан Ақпанбек мырза да бүй деп таратады. «Бұл жердегі «Жылан бапы» ұғымы жерге түсетін қақпа мен есікті білдіреді. Ертегідегі Кенжекей сөзінің түбірі «кенже» емес «кен». Ал «жекей» жүріс пен қозғалысты білдіреді. Осы тұрғыдан келсек Кенжекей деген сөз «кен игеру» дегеннің ишарасы. Ал «Шынтемір» ұғымына келсек (нағыз) шын темірді өндіру өте қиын процесс. Таза темірдің құрамына мышьяк (торы) кіріп кетсе темірдің қасиеті бұзылып кетеді. Ертегідегі перінің қызы Бекторымыз осының дәл өзі. «Сорқұдықтың басына сорға бола қонды әкем...» деп келетін өлең жолдарындағы Сорқұдық мекені Жезқазған өңірінде әлі күнге сақталған». Сонда оқиғаның географиялық ареалы арқа топырағында болып, ол мың жылдықтар жылғасымен жылыстай ағып образды әңгіме желісіне ұласып кеткені ғой. Біздіңше, ертегідегі Таусоғар мен Көлтауысар, Желаяқ пен Саққұлақ секілді кейіпкерлер мыс өндіруде қолданылған пәрменді құрылғылар ма дейміз (Төстіктің жан жолдастары болып жүргендігі де сол ғой). Осы біріккен сөздер компонентіндегі Ер+ТӨСТІК пен КЕН+жекей, МЫС+тан мен Шын+ТЕМІР, және ШОЙЫН+құлақ атауларындағы төстік пен кен, мыс пен темір әм шойын ұғымдары жайдан-жай (кездейсоқ) қойыла салған деп енді айталар ма екенбіз? Бұлай деп бұра сөйлеуге ешкімнің де жүрегі дауалай қоймас деген ойдамыз.